ПРЕЗИДЕНТТIҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ



ДЕПУТАТТЫҚ IC ТУРАЛЫ

Камышанский Виталий - Ауылға тарту
Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан өзінің Facebook-тегі парақшасында жаңалықпен бөлісті: Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Виталий Камышанский "Жарқайын" ЖШС...

Работа в режиме нон-стоп
В течение октября депутат Акмолинского облмаслихата, первый заместитель председателя Есильского территориального филиала партии «Нұр Отан» Анель Ерденова приняла более...

Депутат областного маслихата, Максим Божко
Депутат областного маслихата, Председатель наблюдательного совета ТОО «Управляющая компания Шанырак» Максим Божко: Нынешнее Послание «Рост благосостояния...

Архив
Басты бет Қабылдау кестесі Байланыс ақпараты Мәслихат тарихынан ОБЛЫСТЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

Нартай ЫСҚАҚОВ, облыстық мәслихат депутаты.

Депутат болу - үлкен жауапкершілік

Мен төртінші шақырылымда Зеренді аудандық мәслихатына, ал, бесінші шақырылымда облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Депутаттыққа сайлануға бел буған себебім - жинақтаған өмірлік тәжірибем арқылы жерлестерімді мазалайтын мәселелерді шешуге атсалысу болатын.

Алғаш депутаттыққа сайланғанда  менің сайлаушыларымның жер үлестерін алған серіктестіктің жағдайы  нашарлап, бірнеше жыл егін екпей, тұрғындардың үлестеріне ештеңе бермей жүрген кезі еді. Ауылға көмек көрсетілмегендіктен, елдегі жұрттың наразылығы артқан болатын. Ең қиыны, серіктестік сол жердің иелері халықпен ақылдаспай тұрып, тұрғындардың жерлерін кепілдікке қою арқылы  қомақты несие алған. Қарыздың бір тиынын да қайтармағандықтан, қаржылық ұйым жерді сатылымға қояды. Ол 13 ауылдың ешқандай девиденд алмағаны өз алдына, тұрғындар мүлде жерсіз қалады деген сөз еді. Мен өз депутаттық қызметімді осы мәселені шешуден бастадым. Өз қаражатыма қорғаушы жалдап, ақыры сегіз ай жүгірістен кейін жердің кепілдікке қойылуының заңсыз негізде жүзеге асқандығын дәлелдеп,  38 500 гектар алқапты иелеріне қайтардық. Сайлаушыларымның басына түскен осындай  қиындықтардың оңтайлы шешілуіне атсалысу - менің депутат ретіндегі басты міндетім деп есептеймін. Ал, ол үшін депутат өз округінің жағдайын бес саусақтай білуі керек.  Халықпен жиі кездесіп,  оларды мазалайтын өзекті мәселелерді басшыларға жеткізіп, оны  шешу жолдарын іздей білсе ғана, оған деген сайлаушыларының сенімі артады.

Мен Зеренді ауданынан сайланған депутат ретінде  бюджетті талқылағанда ең алдымен, өңірге аса қажет деген ғимараттар мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы көзін бұрғызуға тырысамын. Осы орайда, тікелей өз араласуыммен оң шешімін тапқан мәселелерге тоқтала кетейін. Біздің аудандағы кейбір облыстық маңызы бар жолдар тек өз ішіміздегі елді мекендерді ғана байланыстыратындықтан, бірнеше аудандар арқылы өтетін жолдар жөнделіп, қалғандарына қаражат тапшы деген желеумен мүлде көңіл бөлінбеген. Соның нәтижесінде жиырма жылдай ешқандай жөндеу көрмеген жолдар жарамсыз болып қалған.  Облыстық маңыздағы  жолдар болғандықтан, аудандық бюджеттен қаржы бөлуге болмайды. Ал, облыстық бюджеттен бөлінетін ақша бұдан да маңызы жоғары жолдарды жөндеуге жұмсалуы керек.  Осы мәселені талай көтердім, екі облыс әкімінің алдында болдым. Ақыры, Қонысбай - Қызылсая бағытындағы жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлініп, оған ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жол жөндеуге көп ақша емес, сондықтан, жұмыс барысын ұдайы қадағалап отырдым. Жөндеуден кейін жолдың жағдайы бұрынғыдай емес, әжептәуір жақсарып қалды. Кейін  Бірлестік - Васильковка жолын да біршама жөндеуден өткізіп, осы жолдардың бойында орналасқан сегіз елді мекенмен қатынасты түзедік. Дегенмен, мұның өзі аз, әлі кезек күтіп тұрғандары қаншама.

Жалпы, ауданда 79 елді мекен бар болса, оның 52-сі менің округімде орналасқан. Мен бүгінде бұл ауыл тұрғындарының жағдайлары жақсы деп айта алмаймын. Оның себептері көп. Ауданға қосылған бұрынғы Көкшетау ауданының азаматтары өздері тұратын жердің облыс орталығына жақын орналасқандығына қарамастан, медициналық көмек алу үшін Зеренді ауылына баруға мәжбүр. Мәселен, Ортақ ауылының тұрғындары Көкшетау қаласына дейін 60, ал, аудан орталығына дейін тағы 50 шақырымдай жол жүреді. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап  Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілген болатын. Соған сәйкес, ем қабылдағысы келетін медициналық мекемені азаматтардың өздері таңдауға құқылы. Алайда, облыс орталығына жақын орналасқан ауыл тұрғындары қаланың денсаулық сақтау ұйымдарынан көмек ала алмайды. Осы мәселені шешу үшін ауданымыздың бірқатар елді мекендерінің тұрғындары қаладағы теміржол емханасына қаралады деп келіскенбіз. Бірақ, түрлі себептерге байланысты биылдан бастап келісім тоқтатылды. Уақыт оздырмай бұл мәселені шешкен жөн. Өйткені, елдің игілігі үшін жасалған құжат халыққа қызмет етуі керек қой.

Ауданымыздағы шешілуі қиын, күрделі мәселенің тағы бірі - тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі. Бұл сұрақ бойынша біз көштен қалып қойдық десек те болады. 2002 жылдан 2010 жылға дейін елімізде «Сапалы су», ал, 2011 жылдан «Ақ бұлақ бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.  Осы жылдар ішінде (2013 жылды қоспағанда)  облыстағы 252  елді мекенде су құбырлары жаңадан салынды немесе жаңғыртылды. Біздің ауданда болса, осы он екі жылдың ішінде  сегіз-ақ ауылда жаңа су құбырлары салынды. Бұл он пайыз деңгейіндегі ғана өте нашар көрсеткіш. Менің осы жайттарға тоқталу арқылы ендігі жерде осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында  ауданымызға көбірек көңіл бөлу керектігіне жергілікті биліктің назарын аударғым келеді. Әр үйге сапалы ауыз су келіп тұрса, ауыл тұрғындарының жағдайы да жақсарар еді.

Осындай тіршілік нәрінің өзіне қол жеткізе алмай отырған ауыл  тұрғындарының қалаға көшуі жиілеп кетті.  Мәселен, ауданда 2009 жылы 41712 халық тұрса, өткен жылдың басында бұл көрсеткіш 39972-ні құрап, тұрғындар саны 1740 адамға азайған. Бұл шалғай жатқан өңірлерді айтпағанда, облыс орталығына ең жақын орналасқан ауданда болып отырған жағдай.  Осы мәселе бәрімізді ойландыруы керек. Оның ең басты себептерінің бірін тұрғындардың ауылда тұрып өздерінің материалдық жағдайларын жақсарта алатындықтарына сенбеуінен іздер едім.  Олай дейтін себебім, ауылдағы жұрт мал басын көбейту арқылы пайда тапқысы келеді. Өте дұрыс ой. Дегенмен, біз соны жүзеге асыра алмай отырмыз. Өйткені, малдың санын көбейту үшін оны сатып алуға қаражат қажет. Несие алайын десе, жеке меншіктегілерге несие тек «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы ғана беріледі. Көлемінің 3 миллион теңгеден аспайтыны өз алдына, оған қол жеткізудің өзі оңай болмай тұр.  Себебі, біздің облыс республикадан берілетін қаражатқа үнемі сұранысты аз жасайды. Бұл бағдарлама бойынша ағымдағы жылы өңірімізге 900 миллион теңге бөлініп отыр. Әр адам үш миллионнан алады деп есептегенде, жаңағы қаражат 300 адамға ғана бұйырады. Ал, 388 мың ауыл тұрғыны бар облыс үшін бұл өте аз көрсеткіш емес пе? Салыстырмалы түрде алар болсақ, былтыр аталмыш бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысы 6,5 миллиард теңгені игерген. Мұның өзі біраз жайттан хабар беріп тұрғандай.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, бұл көмек-қолдаудың бәрі шаруа қожалықтарына арналған. Өкінішке орай, қолында жері жоқ қарапайым тұрғындардың жағдайы ескерілмей келеді.  Ал, арнайы байқау арқылы берілетін жерді алайын десе, оны игеретін дайын техникасы, малы мен тәжірибесі жоқ.  Сондықтан, менің ойымша, орта бизнесті дамытып, шаруа қожалықтарының санын көбейту үшін ең алдымен, жеке үй-шаруашылықтардағы мал басын арттырып алу қажет. Осылайша, малы көбейген адам тұрмысы түзелгеннен кейін осы кәсіпті дамытуға ынталы болады. Енді біз жеке шаруаларға несие беру жолдарын барынша жеңілдетіп, бұл істі оңтайландырғанымыз жөн.

Осы мақсатта жуырда ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылды. Бұл орталықтың басты міндеті - округ әкімдерімен бірлесе отырып, кәсіпкерлікпен айналыса алады-ау деген адамдарды анықтап, олардың бизнес жобаларын сараптау, кепілдікке қоятын мүліктерін алдын ала бағалау. Ең бастысы, өз кәсібін ашпақ болғандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді  пайдалануға, жеңілдетілген несие алуға көмек көрсетілмекші. Өз басым осы орталық жұмысынан үлкен үміт күтіп отырмын. Мен де біраз жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан адам ретінде бұл салаға енді қадам басқан жерлестеріме ақыл-кеңесімді айтып, білгенімді үйретуге дайынмын.

Бүгінде облыстық мәслихат депутаты ретінде мен ауданда атқарылып жатқан игілікті істер  тек қана менің көмегіммен жасалып жатыр деп айтудан аулақпын. Өйткені, біздегі облыс, аудан басшыларының бәрі жергілікті жағдайды жақсы білетін азаматтар, халықтың тұрмысының түзелуіне ең алдымен, солар мүдделі. Осылайша, «Келісе пішкен тон келте болмас» демекші, бірлесе атқарған істің де халыққа берері молдау болады деп ойлаймын.

 

 
 
ПОЧТОВЫЙ АДРЕС: г. Кокшетау ул. Абая 83, индекс: 020000
ТЕЛЕФОН: 8 (7162) 25-47-68
ФАКС: 8 (7162) 25-71-80
ЭЛЕКТРОННАЯ ПОЧТА: akm_maslihat@mail.ru