Алғыс айту күні - ең алдымен елімізде тыныштық пен бейбітшілік, өзара ынтымақтастық пен әр қазақстандыққа деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Алғыс айту күні мейлінше зор ықыласпен аталып жүр.
Бұл күн - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының толыққанды қалыптасқандығын, халық арасында бірауыздан қолдау тапқандығын көрсететін айтулы мерекесі. Бұл - түрлі ұлт пен этностардың миллионнан астам өкілдерінің құтты да берекелі қонысына айналған қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген құрметінің белгісі. Алғыс айту күні - күрделі заманда қиындықты бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне қалтқысыз құрмет, алғаусыз алғыс, риясыз рахмет білдіретін күні.
Елбасымыз бүгінгі дәстүрлі түрде тойланатын мереке турасында: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», - деген болатын.
1 наурыз - еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл мереке достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын қайталанбас дәлелі. Елімізде осымен төртінші жыл қатарынан аталып өтіп жатқан мереке көпұлтты халқымыздың ынтымағын арттырып, сенімін нығайта түседі. Бұл күн Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының арқауы - еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын қайталанбас күн. Менің бұл күнгі алғысым қазақ ұлтына арналады. Өйткені, осы ұлт бізді өз жерінде мекендетіп, өмір сүруімізге жағдай туғызып отыр. Олай болса, көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын!
Елена МАЩИНСКАЯ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты,
«Той Дастархан» ЖШС-ның директоры.