Кеше Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Депутаттар 21 мәселе бойынша шешімді бірауыздан қолдады, мұның ішінде 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылау да бар.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев бюджет қаржысы орын алған өзекті мәселелерге басымдық беру арқылы бөлінгенін хабарлады. Аталған қаржы көп балалы және аз қамтылған отбасыларын әлеуметтік сұранысын қамтамасыз етуге, тұрғын үй инфрақұрылымы нысандарын салуға, көлік жүйесін дамытуға, облыстың жылумен қамту кәсіпорындарын жылу беру науқанына дайындығына және әлеуметтік саланы одан әрі нығайтуға бағытталды.
Ақмола облысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов хабарлама жасады. Мемлекеттік қолдау шаралары шағын және орта кәсіпкерлік санын 56,6 мың данаға жеткізуге мүмкіндік берген. Осыған сәйкес өндіріс, жұмыс пен қызмет ауқымы, сонымен бірге тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші артты.
Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 45,4 миллиард теңгенің несиесі берілді, бұл жалпы бөлінген несие қаражатының 24 пайызын құрайды. Осы орайда, ауыл шаруашылығының үлесінде 37 пайыздық, сауда саласында 25 пайыздық үлес бары атап көрсетілді.
Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова өңірлердегі медициналық қызметті дамыту мен жұмысқа қосылуына қатысты шаралар жоспарын таныстырды.
Ақмола облысының бірінші Қоғамдық кеңесінің өкілеттігі аяқталуына байланысты оның жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі жанындағы ақылдастар кеңесі органдарындағы өзгерістерге орай бірқатар шешімдер қабылданды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.