Азаматтардың депутаттарға өз өтініштері, ұсыныс- тілектерімен келуі – тұрғындардың күрмеулі мәселелерінің басты көрсеткіші. Талдау мұндай арыз-шағымдардың көпшілігі баспана, коммуналдық шаруашылық, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына көмек мәселелеріне қатысты екендігін көрсетіп отыр.
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Ә.Баймағамбетовтың азаматтарды қабылдау жөнінде ресми жұмыс кестесі бар. Соған қарамастан, оған күніне өз бұйымтайларымен бірнеше адам келеді.
Олардың 70 пайыздан астамын баспана мәселесі толғандырады. 19 тамызда хатшының қабылдауында төрт адам болды. Олардың үшеуі осы біз айтқан мәселемен келді. Бұл мәселені шешу өте қиын. Келушілердің көбінің банкте несие рәсімдеуіне еңбекақылары жетпейді. Онсыз да қайтарылмаған несиелері бар.
Әлібек Бекболатұлы келгендердің әрбіреуіне осы мәселені шешуіне барынша қол ұшын бергісі келеді. Мұндай арыз-шағымдардың бәрі депутаттың жеке бақылауында ұсталады, мәселелердің бір бөлігі тікелей қабылдау кезінде шешіледі, қолданыстағы заңнама бойынша кеңес беріледі, даулы мәселелерді қараудың тәртібі түсіндіріліп, күрделі проблемалық мәселелермен одан әрі айналысуға уақыт қарастырады, тиісті орындарға депутаттық сұраулар жолдайды.
–Мен үшін адамдардың қабылдауымнан өздеріне тиесілі мәселелердің ерте, кеш пе шешілетініне сеніммен кеткендігі маңызды. Әдетте қабылдау барысында келушілермен барлық сауалдарды мұқият ойластырып, оларды шешудің жолдарын іздестіреміз. Кім қалай түсінсе де, өз басым облыс тұрғындары үшін белгілі бір пайдамды тигізгеніме әрқашан қуаныштымын,–дейді бұл орайда Ә.Баймағамбетов.