2020 жылғы 17 тамызда Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібіне негізгі мәселе – бюджет қаражатын қайта бөлу және оларды денсаулық сақтауға бағыттау мәселесі шығарылды.
Депутаттар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының Көкшетау қаласында тез салынатын жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына, медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алуға қайта бөлінген қаражатты бағыттау ұсынысын бірауыздан қолдады. Жалғыз мақсат: коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласы үшін жаңа автобустар сатып алу, әлеуметтік маңызы бар бағыттарға субсидиялар төлеуді қамтамасыз ету, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде шешілетін Көкшетау және Щучинск қалаларында көше жарығын жаңғырту және пайдалану мәселелері мақұлданды.